Поделись с друзьями
Сайт учителя информатики
Лозинского Дмитрия Болеславовича
Вторник, 14.05.2024, 12:11
Сайттың тараулары/
Меню сайта
Тараудың санаттары/
Категории раздела
Мои статьи [35]
E-mail:
Пароль:
Іздеу/Поиск
Форма входа
Статистика

Онлайн всего: 1
Гостей: 1
Пользователей: 0
Главная » Статьи » Мои статьи

Қазақстан -ядролық қарусыз әлем
Тәрбие сағатының мақсаты:
- Семей полигонының жабылуының 25жылдығы, Семей ядролық полигонындағы сынақтардың адамдарға, қоршаған ортаға әсері туралы түсінікберіп, Семей өңірінде жүргізілген ядролық сынақ және оның зардаптары туралы мәліметтер беру.
- Семей полигонын жабуға күш салған Н. Ә. Назарбаев, О. Сүлейменов, К. Бозтаев, Х. Матаев, Н. Сабильянов, М. Аймақов сынды қоғам қайраткерлерімен таныстыру, олардың өнегелі өмірлерін үлгі ету.
- Өз еліне, өз туған жеріне сүйіспеншілігін сақтай отырып оның табиғатын, табиғат байлықтарын қорғауға ұмтылдыру. Мәнерлеп оқуға, сахналық өнерге баулу.

Тәрбие сағатының түрі: Ауызша журнал
Тәрбие сағатының көрнекілігі: презентация, бейнетаспа материалдары.

Тәрбие сағатының барысы:
Кіріспе сөз:
І-жүргізуші (Азатқызы Венера)
Құрметті қонақтар мен ұстаздар! Биыл Семей атом сынақ қозғалысының жабылуына 25 жыл,соган орай бүгінгі «Қазақстан, ядролық қарусыз әлем!» атты тақырыбындағы тәрбие сағатына қош келдіңіздер!

Джаз Модерн биі «Қазақтың ұмытылмас қасіреті»
(Толеухан Гүлім, Қамбарова Ақбота, Дүйсембаева Индира, Байбатырова Назерке, Ахтаева Арайлым)

ІІ-жүргізуші: Балжан
1949 жылы тамыздың 29 бұл қазақ халқына таңба салған күн болды, әсіресе Семей жұртының жүрегіне жазылмас жара болып жабысқан қаралы сәт.
Абай, Мұхтар, Шәкәрімдей ұлттық ақыл- ойдың алыптарын өмірге акелген ұлылар мекені, қазақ руханияты мен мәдениетінің орталығы Семей жері қырық жыл бойы жүргізілген сынақтар салдарынан экология бұзылып , халық адам айтқысыз зардап шекті.Бір сәтте ешкімнің келісімісіз ұлы ақын елі ұлы атом еліне айналды Бұл жойқын жарылыс Абыралының Дегелең тауын тітірете теңселтті.
№1 Бейнетаспа: 1949жылғы жарылыс.

Жақып Б.О. «Тамыздың жиырма тоғызы»
Артелбекова Балжан:

Тамыздың жиырма тоғызы…
Жаһанға жалпақ жайылған,
Шықпайсың менің ойымнан.
Сен едің текті елімді,
Ата-жұртымнан айырған.
Тамыздың жиырма тоғызы…
Жанған Күн көкте өшкен күн,
Талай тағдырды шешкен күн.
Абыралымның бауырынан
Абдырап халқым көшкен күн.

Жұмашайықова Дана
Тамыздың жиырма тоғызы…
Сұмдықты көрген кім болды.
Таң емес сол таң түн болды
Дүниені жұтқан үн болды,
Дүр сілкіндірген күн болды.

Тамыздың жиырма тоғызы…
Күн емес Алып шар шықты,
Аспан көзінен қан шықты,
Дегелең деген өр таудың
Кеудесінен сол күн жан шықты.

Тамыздың жиырма тоғызы…
Өлкемді түгел өрт шалды,
Даламды түгел дерт шалды.
Саңырауқұлақ бөліп шығарды
Төрт құбыламнан төрт шарды.
Сұрапыл дауыл соқтырды,
Жарылуға далам шақ тұрды.
Жер менен Көкте тұтасқан
Бұрын болмаған от тұрды.

Азатқызы Венера
Тамыздың жиырма тоғызы…
Қасірет құшты Қайнарым,
Қу, Доғалаң, Тайланым,
Ақбұлақ, Самай, Мәрәмік,
Аққора, Таңат, Мыржық пен
Абыралыдай аймағым.
Баянаула, Қызылтау,
Қарқаралы, Шыңғыстау
Қызылжал мен Сарыжал,
Қаражал мен Қараөлең,
Жатқан бір жайнап далам ең.
Жан дауысыңды ышқынған
Естіді сол күн бар әлем.
Майлықара, Үшқара,
Берікқара сұстана.
Тақыр боп қалды төбелер,
Сыпырғандай алып ұстара.
Аждаһаның аузынан
Алып қалған елімді,
Алып қалған жерімді,
Өшпейтін мәңгі рух пенен
Қазаққа біткен құдіретті
Құдайым берген күш қана.

Мажитова Зарина
Тамыздың жиырма тоғызы…
Өртенді сол күн, ластанды
Қаз дауысты Қазыбек,
Сөзден түйін түйген жер.
Сеңкібай қажы атамыз,
Сеңсеңнен бөрік киген жер.
Өндірбай қалпе бастаған,
Ноха қажы қостаған,
Өлкемнен шыққан қырық қажы
Сәждеге басын иген жер.
Ұлжан мен Ділдә аналар
Өмір бақи сүйген жер.
Алшынбай мен Құнанбай
Алшаңдай басып жүрген жер.
Қаратеке, Бақтыбай,
Жапалақ пен Сартымбай
Қырандайын қомданып,
Батырлар жауды ілген жер.
Сахайып қожа әулие
Саф алтын ғұмыр сүрген жер.

Жайлауғазиева Жансая
Тамыздың жиырма тоғызы…
Көзімді менің байлады,
Денеме дерт боп бойлады.
Жер-Ананың ақ шашын,
Ақ шашын жұлып ойнады.
Құстардың тоқтап сайрауы,
Бойымда қаным қайнады.
Өртенді атақонысым
Қырдағы мен ойдағы,
Әміренің әсем әні мен
Жанақ ақынның ойлары,
Абайдың асыл қыстауы,
Тәттімбеттің жасыл жайлауы.
Таптады жерді киелі
Қайдағы мен жайдағы.

Балнұр
Тамыздың жиырма тоғызы…
Сезімдерімді шарпыстыр,
Ойланар бізге тал түс бұл.
Қасіретті тұңғыш жарылыс,
Оған да өтті алпыс жыл.

Шеңгелбаева Айнұр
Тамыздың жиырма тоғызы…
Жандырып жанды өрт етті,
Айықпас тәнге дерт екті.
Балалар қанша ерте өтті,
Інілер қанша ерте өтті,
Апалар менен ағалар,
Әкелер менен аналар,
Қарындастар қанша ерте өтті
Тастұғыр мынау өткеннің
Түсірсін еске күллісін.
Орнасын мынау ескерткіш
Сақтасын елдің тірісін.
Жапырақ үшін жайқалар
Өртеңге өсер гүл үшін!
Қазақстаным көркейсін,
Жарылыс мәңгі құрысын!
Таси да берсін берекең,
Арта да берсін ырысың,
Арайлы менің Абыралым,
Шырайлы менің Шығысым!

Тамыздың жиырма тоғызы
Рамазан айы Ұлы елім,
Алладан тілек тіледім,
Сыйғызып ойды өлеңге.
Жаһанды жұтқан жарылыс
Болмасын енді әлемде!
Тамыздың жиырма тоғыз

2жүргізуші(Артелбекова Балжан)
Тамыздың 29. Таңғы сағат жетіде көз ілеспес жылдамдықпен ұлғайып бара жатқан отты доп кенеттен Жер денесіне қадалып, оны шарпып өтіп, аспанға көтерілген. Отты шардан соң, сұрапыл қуат пен көз қарастырар сәуле бас айналдырып жібергендей бір сәтте жер қабығының ыстық күлі мен иісі көкке көтерілген. Жер лыпасының өрттең иісі қолқа атар түтіннің ащы иісін қолдан жасалған жел әп-сәтте жан жаққа таратты.
Жалғыз түп шөп қалмаған, түтігіп қарайып кеткен даланың тұл жамылғысы. Жан-тәсілім алдында жанталасқан тышқандардың, қарсақтардың кесірткелердің өлі денесі табылған.
«Оқиғалар хроникасы»
Бекбаева Нүргүл
АҚШ-та 1940 жылдан бастап саяси принциптердің себебінен атомдық қаруды жасап шығаруға белсенді түрде мән беріле бастаған болатын («Манхэттен жобасы» деп аталған). 1945 жылдың 16 шілдесінде Лос-Аламос полигонында (басқаша атауы Аламогордо, Нью-Мексика штаты) әлемдегі тұңғыш жерүсті атом жарылысы тәжірибелік мақсатта іске асырылады. Оның жарқылы 290 км қашықтықтан көрінген. Ал дауысы 160 км-ге дейін жеткен.Атомдық қаруды жасаудағы сынақ барысында полигонда 30 метрлік ғимарат салынады. Сол жылдың 12 шілдесінен бастап уран-плутонды атомдық зарядын жинақтау басталады. Екі күн өткеннен кейін атомдық құрылғыларды (детонаторларды) ғимараттың басына шығарады. Ал 15 шілде күні түнде детонаторлар өз орнында дайын тұрды.16 шілде, 05:29:45-те сынақ батырмасы басылады.
Зейнеғабылова Зульфия 1945 жылы 26 шілдеде Ұлыбритания, АҚШ және Қытай үкіметі басшыларының атынан Жапонияға тізе бүгу талабы қойылған Подстам декларациясы жарияланды. Осыдан кейін АҚШ авиациясы 1945 жылы 6 тамызда Жапонияның Хиросима қаласына бірінші атом бомбасын тастады. Қаланың елеулі бөлігі қирап, 140 мыңнан аса бейбіт тұрғын қаза тапты, жарымжан болды. 1945 жылы 9 тамызда Нагасаки қаласына екінші атом бомбасы тасталды. Оның жарылысынан қаланың бөлігі қирап, 75 мыңдай адам қаза тапты, жараланды.
Ахий Армангүл 1947 жылы 21 тамызда Кенес Одағының Үкіметінің арнайы қаулысымен «Семей - 21» деген шартты атаумен жаңа жасырын қала пайда болды. Қала әскери - өнеркәсіптік кешеннің мүлде жаңа құрылымына яғни ядролық сынақ полигонына толық қызмет етуге тиіс болды. Алға қойылған міндеттерін бұрын соңды көз көріп құлақ естімеген құрамы ескеріле отырып, ядролық сынақ полигонына жақын орналасқан жайылымдар, шабындықтар, таулы қыраттар есебінен 18 мың шаршы км - дей жер бөлініп берді,ол Павлодар (39 пайыз), Шығыс Қазақстан (54 пайыз) және Қарағанды (7 пайыз) облыстарының аумағында орналасқан.
Толеухан Әсем
Семей ядролық полигонындағы сынақтардың жалпы саны 456 ядролық және термоядролық жарылысты (жылына 14 - 18 сынақ) құрады. Олардың 116 - сы ашық болды, жер бетінде, әуе кеңістігінде жасалды. Сынақтан өткізілген ядролық зарядтардың жалпы қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе көп болды.

Омиржанова Асель
1949 жылы 29 тамызда тұп - тура таңғы сағат 7 - де тұңғыш атом бомбасы Семей облысы Абралы ауданы Дегелең тауының түбінде жарылды. Сол жерден 5-10 шақырым жердегі ауылдардың талқаны шықты тұрғылық халық, адам баласы айтса сенбейтін түрлі ауруларға шалдығып , өмірлеріммен ерте қоштасуда.
Мейрамбекқызы Гүлфайруз
Бұл Кеңес одағында тұңғыш атом бомбасының жарылуы еді. Полигонда жаңа танталды жұлдыздың тууын Лаврентий Берия, Сергей Курчатов, әскери бастықтар мен атақты ғалымдар, Кеңестік атом бомбасының толып жатқан идеологиялық, идеялық және техникалық аталары тасадан бақылап тұрды.
Байбатырова Назерке
1949 жылғы алғашқы жер бетіндегі жарылыстан бастап Семей және Павлодар облыстарының радиациялық сәулелену ықпалына ұшыраған басқа аумақтардың тұрғындарының арасында сырқат санының ұдайы өсіп келе жатқаны байқалды. Бұлар өкпе мен сүт бездерінің рагы, лимфогемобластоз және басқа да қатерлі ісікті патологиялар.
Жалпы алғанда қатерлі ісік аурулары сынақтар басталғалы бері 3 есе өсті. Семей полигонына жақын аудандарда жетілуінде, тәндік және есту кемшіліктері әрқилы сәбилер дүниеге көп келді. Біздің Аягөз ауданы облыс бойынша сүт безі рагы ауруы жағынан 1 орында тұрмыз, асқазан, өкпе, жатыр мойыны ісігі де одан кейінгі орындарда. Мамандардың айтуынша соның бәрі нақ қысқа мерзімді және қалдықты радиацияның кесірінен болатын генетикалық мутациямен байланысты.

Ақылбекова Жаннұр

Өз жерінде мылтықсыз майданның құрбанына айналған халықтың денсаулығына іс жүзінде ешбір жәрдем көрсетілмеді. 1949 жылдан 1963 жылға дейін жер бетінде жасалған сынақтардың зардабы өте ауыр болды. Бұл аймақтағы аурулардың есеп-қисабы 1990 жылға дейін мұқият жасырылып келді, дәрігерлерге радиация әсерінен болған аурулардың дұрыс диагнозын қоюға тыйым салынды. Тек 60 - сыншы жылдардан бері ғана бір ауылдан 500 - ден астам адам ядролық сынақтың кесірінен қыршынынан қиылса, 150 - ден астамы онкологиялық емханада жатып жарық дүниемен хош айтысты. Ал қаншама адам өз - өзіне қол жұмсау қасіретіне ұшырады.
№2 Бейнетаспа: « Полигоннан зардап шеккендер»

«Сыр сухбат»

2жүргізуші (Артелбекова Балжан)

Ғасырлар тоғысына дейінгі бұралаң жолдарда халқымен бірге жүрісінен жаңылмаған,ой,сана өлкесінің өзегінде ұлылардың ізі қалған қара шаңыраққа қош келдіңіз.
Сөз Семей қаласының Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері Жакупова Шолпан Болатовнаға берледі.

Кітапхана көрмесі : «Ядролық полигон кітап беттерінде»
Мажитова Зарина, Оширова Малинур
1. Аймақов (Махмут) Мүтән. Көргендерім: естеліктер. - Семей, - 2001. - 176 бет.
Кітапта 1949 жылдан 1991 жылға дейін Семей облысындағы ядролық полигондағы жарылыстар, олардың зардаптары туралы ешбір бүкпесіз ащы шындық түрінде баяндалады.
2. Сейсенұлы Дәулет. Семей елі, Семей жері: деректі әңгіме, очерк, публицистика, толғау. - Семей қаласы, 2001 жыл. - 404 бет.
Бұл кітапта Семей өңірінің соңғы 10 жылдағы тыныс-тіршілігі қақында ел басшыларымен сұхбат, өтпелі кезеңнің қыр-сырын бейнелейтін проблемалық мақалалар мен ажал аждаһасы атанған Семей атом полигонының күрделі проблемалары баяндалады.

3. Төлеубаев Б.Ә. Ядролық тарихы бар табиғи орта экологиясы: оқу құралы. - Курчатов, 2001. - 144 бет.
Оқу құралында ядролық жарылыстар мен қаруларды сынау жұмыстары жүргізілген аймақтардың экологиялық күйін танып білуге қажетті теориялық мағлұматтар мен практикалық шаралар қарастырылған. Семей сынақ полигоны жайлы ақпараттар, табиғи ортаның радионуклидтік ластану ерекшеліктері және радиациядан қорғану мәселелері қамтылған.
4. Назарбаев Н.Ә. Бейбітшілік кіндігі. – Астана: Елорда, 2001. – 304 б., суретті.
Кітапта Семей жеріндегі ядролық жарылыстардың зұлмат зардаптары, ядролық әзәзіл, Қазақстанның ядролық қарусыз болашаққа беталысы баяндалады.
5. Олжай Қ. Президент пырағы (репортаждар кітабы). – Алматы: Атамұра, 1994. – 208 б.
Автор Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы Қазақстан Президентінің Жарлығынан кейін құлағы тыншыған Абай елінің тұрмыс-тіршілігіне ой көзімен үңіледі.
6. Байғабылұлы Е. Ядролық зұлмат. – Алматы: Қазығұрт баспасы, 2012. - 304 б.
Бұл кітапта ел өміріндегі саяси-экономикалық, мәдени-әлеуметтік өзгерістерге әлем елдері тәжірибесімен салыстыра отырып, сараптама жасалады. Автор ядролық зұлмат қарудан өз еркімен бас тартқан мемлекетіміздің ғаламдық бастамалары мен бүкіл әлемді алаңдатқан ядролық қауіпсіздік түйткілдеріне қатысты ой толғайды.
7. Сәрсеке М. Семей қасіреті: деректі тарихи хикаят. – Астана: Фолиант, 2016. - 856 б.
Ертіс өңіріндегі қалың елдің шерлі тағдырын шынайы деректер арқылы бейнелеген тарихи туындыда ғасырлық қасірет зардабын отбасымен бірге тартқан Семей өңірі тұрғындарының аянышты ауыр тағдыры баяндалады.
8. Сейсенұлы Д. Ядролық сынақ аймағы: кеше және бүгін: деректі әңгіме, очерк, публицистика, толғау. – Новосібір, 2011. – 265 б.
Бұл деректі кітапта ядролық сынақ аймағының кешегі қасіретті де шерлі тарихы мен Семей атом полигонының Елбасы Жарлығымен жабылғаннан бергі жердегі Курчатов қаласы мен полигон маңындағы елді мекендердегі оңды істер баяндалған.

9. Ораз Н. Жылқының көз жасы: әңгімелер мен хикаяттар, эсселер. – Алматы: «Қайнар баспасы», 2012. – 320 б.
Ауылдағы Абат қарттың қасқа биесі туралы әңгіме. Қасқа биенің бал қымызын ішкен шалдың бүкіл үрім-бұтағы Жынның дертінен аман, ақыл-есі бүтін, ойы да, бойы да биік, келісті, келбетті азаматтар болып өскен. Әңгіме барысында көз жұмған қасқа биені иесі күрең ат жегілген арбаға салып, ауыл сыртына жерлемек болады. Абат қарт қасқа биесін жерлегеннен кейін арбасына қайта оралғанда, тілсіз, үнсіз күрең аттың көзінен жас моншақ боп үзілгенін көрді. Оқиға бір жылдары жер астынан алып саңырауқұлақтай албасты Жын атып шыққан тау – Полигон маңында болған.
2жүргізуші: (Азатқызы Венера)
Абралы өңірінде алапат апат әкелген атом сынағынан шайқалмаған шаңырақ, зардап шекпеген жанұя жоқ десе болады. Ядролық жарылыстың ең алғашқы сынағы жасалғанына 60 жыл болса, Жалпы Семей өңірінде атом полигонының үні өшкеніне 25 жыл толып отыр.

2жүргізуші (Артелбекова БалжанБалжан)
Өмірге –өшпесіз, көңілге кетпес қасірет салған 1949 жылдың 29тамызын Қайнарлықтар ешқашан ұмытпайды. Қазақ жеріндегі осындай адам төзгісіз алапатты тоқтатып, тажалды тізгіндеуде аянбай еңбек еткен тұлғалар бар.
1989 жылдың ақпанында Семейдегі полигонын жабу үшін күресті бастауға ұйғарған «Невада - Семей» қозғалысының алғашқы митингісі өткізілді. Оны басқарған – белгілі қоғам қайраткері, ақын Олжас Сүлейменов.Халықтың бастамасымен тұңғыш рет Кеніс Одағы Үкіметі ядролық қаруды сынауға тыйым салу – мораторий жасау туралы шешім шығарды
Ядролық сынақтардың қатері жөнінде барлық бұқаралық ақпараттары құралдарында,халық арасында қаншама үгіт насихаттар жүрді, телевидение мен газеттерде әңгіме бола бастады.
Бейнетаспа: Митингінің өтілуі

1жүргізуші (Артелбекова Балжан)
1991 жылдың 29 тамызында Президент Н. Ә. Назарбаев Семей полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойды. 29тамыз күнін «Жаппай қырып-жою қаруынан бас тартудың бүкіл әлемдік күні болсын» деген үндеу жарияланды.
Бұл - Тәуелсіздік ала сала қазақ елі қабылдаған алғашқы маңызды шешімдердің бірі болды. Осы батыл шешімнің нәтижесінде атомның үні қазақ даласында мәңгі өшті.
Соның бір жалғасы іспетті Қайнар ауылында «Абралы Дегелең» қоғамдық қорының құрылтайшылық көмегімен, ел азаматтарының қолдауымен және қор президенті Құрманбай Марат Серікжанұлының еңбегінің нәтижесінде, ядролық сынақ құрбандарына арналған монумент тұрғызылып, бой көтерді. Монументтің жанында Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Ұлы даламызға азапты қасірет әкелген оқиға ешуақытта қайталанбауы тиіс» деген сөзі жазылған қара тас қойылған. (Презентация№2, слайд №1)
2жүргізуші ( Азатқызы Венера)
2001 жылы тамыз айында Семей ядролық сынақ полигоны құрбандарының құрметіне Түйемойнақ аралында «Өлімнен де күшті» монументі тұрғызылды.Ашылу салтанаты ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев қатысты.
Бұл ескерткіш Қазақстан Республикасы үкіметінің 2001 жылғы 25 сәуірдегі «Семей ядролық полигонының жабылуына арналған монументті тұрғызу туралы»№556 Қаулысына сәйкес салынған болатыны.Монументінің миіктігі 25 метр,ені 10 метр,қалыңдығы 2 метр құлыптас тәрізді.Құлыптаста атом саңырауқұлағы бейнеленген.Монументтің төменгі тұсында қаршадай сәбиін қауіп қатерден көлекейлеген ақ мәрмар тастан жасалған ана бейнесі,Рухтың өлімнен де күшті екенін дәлелдеп тұр. (Презентация№2, слайд №2)

1жүргізуші (Артелбекова Балжан)
2015 жылдың 29 тамызында Түйемойнақ аралында халықаралық ядролық сынаққа қарсы күнге байланысты бейбітшілік акциясы аясында.«Хиросимадан әкелінген бейбітшілік тасы»үкіметтік емес қоры 70 жыл бұрын болған Хиросима мен Нагасаки қалаларындағы ядролық жарылыстан кейін қалған тасты Қазақстанға сиға тартуды жөн көрді.
(Презентация№2, слайд №3)

2жүргізуші: Венера
Семей полигоны жабылғаннан кейін Ресейдің, АҚШ пен Францияның полигондарында ядролық қаруды сынауға мораторий жарияланды.
1991 жылдың 29 тамызында Семей ядролық полигоны жабылып, 1992 жылдың мамырында оның базасында Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталық құрылды.
Вашингтонда 2010 жылдың 14 сәуірінде өткен «Ядролық лаңкестік қатерін азайту және ядролық материалдың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі ұлттық шаралар» саммитінде АҚШ Президенті Барак Обама Қазақстанды ядролық қарусыздану жөніндегі әлемдегі көшбасшы ел деп танитынын мәлімдеді.

Саяси ақпарат:«ӘЛЕМ. ХХІ ҒАСЫР» (презентация№3)
Жұмашайықова Дана
2016 жылғы 31 наурыз – 1 сәуiр аралығында Америка Құрама Штаттарының астанасы – Вашингтон қаласында өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит аясында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі жарияланған болатын. Бұл манифест Қазақстан басшысының Карнеги қорының штаб-пәтерінде АҚШ-тың қоғам және саяси қайраткерлерімен өткен кездесуі кезінде жан-жақты талқыланған еді.
Ахтаева Арайлым
Бүгінде манифесті халықаралық қоғамдастық, сондай-ақ, өз еліміздің жұртшылығы да зор серпіліспен құп алып отыр.
Манифест – үндеухат, өздерінің көзқарастарын, бағдарламаларын, шешімдерін байымдаған саяси партиялардың, қоғамдық ұйымдардың, әдебиет топтарының хат жүзіндегі үндеуі.
Делегаттар Қазақстан Республикасы Президентінің авторлығымен шыққан Манифест – «Әлем. ХХІ ғасыр» атты мүлдем жаңа құжатпен таныстырылды. Бұл айтулы актіде адамзат үшін жаһандық соғыс және бейбітшілік мәселелері бойынша Қазақстанның ұстанымы туралы, сондай-ақ халықаралық қоғамдастықтың ядролық қарудың толық тыйымына таман ілгерілеуден бас тартқан жағдайда ядролық апокалипсистің қаупі хақында баяндалған.
Жұмашайықова Дана
«Көптеген тар жол, тайғақ кешуден өткен адам, саясаткер ретінде, Семей ядролық полигонын жабу туралы күрделі шешім қабылдаған мемлекет қайраткері ретінде мен әлемдік лидерлер мен бүкіл халықаралық қоғамдастыққа ақыл-парасатқа жүгініңдер деген табанды талаппен қайрылып отырмын. Адамзатты ажал сепкен соғыс қатерінен мүлде арылту үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасауымыз керек. Біз үшін қазір және таяу болашақта бұдан көкейкесті міндет жоқ» - деп елбасымыз атап өтті.
Ахтаева Арайлым
Комиссия басшылығымен қол жеткізілген келісім нәтижесінде, Манифест барлық мүше мемлекеттерге қолжетімді түрде БҰҰ Хатшылығының электрондық жүйесінде ресми құжат ретінде орналастырылды.

«Полигон өнер саласында» (Зейнеғабылова Зульфия)
• Фоторепортаж
Кәрібек Күйіков Семей ядролық полигоны орналасқан жерден 100 шақырымдай жерде орналасқан Егіндібұлақ ауылында туған дарынды суретші. Қолы жоқ суретші өз картиналарын қылқаламды тісімен немесе аяқтарының бармақтарымен қысып салады. Оның туындылары Германия,АҚШ және Жапонияның жеке коллекцияларында қойылды.Бүгінде белсенді азамат ядролық қаруға қарсы «Атом»жобасының елшісі.Суреттерінің басты тақырыбы Семей ядролық сынақ полигонының халыққа әкелген зардабы.
Бейнетаспа №4 ( Суретші К. Күйіковпен репортаж)
• «Полигон зардабы», Кәріпбек Күйіковтың ядролық сынақ полигонына арналған жұмыстарының бірі
• «Алғашқы жарылыс» Бұл жұмыста суретші 40 жыл бойы Қазақстканның тартқан азабын бейнелеген.
• «Ядерная трагедия Казахстана»суреті
• Суретші Александр Шевченконың полигонды жабуға байланысты қозғалыс кезінде салынған суретері ұсынылады.(Презентация №4)

• «Заман - ай» әні - Қазақстандағы Семей полигонының қасіретіне арналып шығарылған ән, әннің өлеңін жазған қазақтың көрнекті ақыны Ұлықбек Есдәулетов, «Hiroshima Semipalatinsk Project» антиядорлық тобының мүшесі Кеичи Сасакидін айтуы бойынша бұл ән Хиросима халқының жүректерінен айырықша орын алған, Хиросиманың әр азаматы осы әнді айтуда, бір диск кұны,теңге валютасына аударғанда1800тенге.

Хор: «Заман - ай» әні
(Көрініс: ән орындалу барсында, бесік тербеткен ана отырады, әннің соңында «Өлімненде күшті» монументтегі сюжеттін, қаршадай сәбиін қауіп қатерден көлекейлеген ана бейнесін көрсетеді)
Қорытынды:
1жүргізуші (Азатқызы Венера) Бүгінде Семей ядролық полигонының ресми жабылғанына 25 жыл толып отыр. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерекесімен тұспа - тұс келіп отырған осы айтулы оқиғаны әрбір жас білуі керек.
2 жүргізуші (Артелбекова Балжан )
«Қазақстан - 2030» Бағдарламасында Елбасы Н. Ә. Назарбаев «2030 жылы Қазақстан мөлдір сулы, жасыл желекті, ауасы таза аймаққа айналады. Өндіріс қалдықтары мен радиация бұдан былай біздің үйіміз бен бақтарымызға енбейтін болады. Біздің балалар кінаратсыз толыққанды өмір сүретін болады»,- деп атап көрсеткен еді. Қазіргі таңда экология өзекті мәселеге айналып отыр. Сондықтан қоршаған ортаны қорғау - әрбір адамның төл міндеті.
Категория: Мои статьи | Добавил: BATY (27.03.2017) | Автор: Кымбат
Просмотров: 1384 | Рейтинг: 5.0/1
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
Copyright Лозинский Д.Б. © 2024
Конструктор сайтов - uCoz